Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT Ақордаға ресми сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы, ведомствоның жыл басынан бері атқарған қызметінің негізгі қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері бірқатар лаңкестік қылмыстың, соның ішінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны қолдану арқылы халық көп жиналатын орындардың бірінде жасалмақ болған террористік актіге тосқауыл қойылғаны жөнінде баяндалды. Берілген мәлімет бойынша 19 адам қамауға алынды. Ермек Сағымбаев Терроризмге қарсы орталық штабының жұмысын үйлестіру кезінде террорлық қатерлерге қарсы іс-әрекет шараларын жетілдіру үшін жаттығу жиындары мен дайындықтар өткізілгенін хабарлады.
Сонымен қатар, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерінің барлау әрекеттеріне қарсы іс-қимыл операциялары жүзеге асырылды. Анықталған бірқатар факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізген криминогендік жағдайды сауықтыру жұмыстарының нәтижесі туралы баяндалды. Биылғы төрт айда ҰҚК 8 қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Қару-жарақ пен оқ-дәрі жасауға қатысты 7 жасырын цех жойылды. Заңсыз айналымнан 268 қару, 21 граната және 30 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. 16 есірткі лабораториясының, 11 халықаралық және 17 өңірлік есірткі каналының жұмысы тоқтатылды.
Мемлекеттік шекараны күзету саласында 6 987 заң бұзушы ұсталды. Шамамен 2,8 миллиард теңге көлемінде валюта, алтын және басқа да тауарлардың заңсыз тасымалдануына жол берілмеді. Қару мен оқ-дәрілерді тасымалдауға қатысты 85 әрекеттің жолы кесілді. Заңсыз көші-қон бойынша 4 арнаға тосқауыл қойылып, олардың 6 ұйымдастырушысы ұсталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық бөлімшелері 37,9 миллионнан астам кибершабуылды және елдің маңызды инфрақұрылым нысандарына бағытталған 1948 DDoS-шабуылға тойтарыс берді.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметінің бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.