Четверг, 28 ноября, 2024

Тоқаев: Жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын

Бүгінде Астана – мол мүмкіндіктер қаласы. Бұл туралы Астананың бауырлас қалалары форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Елімізде Әділетті Қазақстан құру үшін ауқымды институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатқаны баршаңызға мәлім. Маңызды саяси реформалар жүргізілді. Азаматтардың мемлекеттік, әсіресе, жергілікті жерде шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президент еліміздегі қала тұрғындары енді өздері сыйлайтын әрі сенетін депутаттарды таңдау мүмкіндігіне ие болғанын айтты.

«Бұл жауапкершілігі мол азамат қағидаттарын орнықтыруға елеулі үлес қосады. Адамдардың өз қаласындағы тұрмыс-тіршілікті жақсарту ісіне ықпал етуге мүмкіндік береді. Алайда қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформамыздың мәні болмайды. Бұған кәміл сенемін. Қазақстанның орнықты дамуы үшін дүниетаным парадигмалары түбегейлі өзгеріп, адамдардың мінез-құлық моделі жаңаруы қажет. Сондықтан мен жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын», — деді Мемлекет басшысы.

«Астана – жас әрі мақсаты асқақ қала. Ұлан-байтақ еліміздің әр аймағынан келген азаматтарымыз қалада тұрақтап қалуға тырысады. Талай жастың елордада бағы ашылды, олар өмірден өз орнын тапты. Бүгінде Астана – мол мүмкіндіктер қаласы. Мұнда әрбір азамат өз әлеуетін пайдаланып, мансап жолында жетістікке жетіп, өзінің арман-мақсатын жүзеге асыра алады. Астана – өзгерістердің қайнаған ортасы, түбегейлі жаңғырулардың асыл діңгегі. Бұл жерде жалпыұлттық бірегейлігіміздің жаңа қырлары мен ұлттың жаңа сапасы қалыптасады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған