Әнші, продюсер әрі Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев Facebook-парақшасында отандық фильмдерді сынады, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Оның сөзінше, қазіргі кинолардың тілінде былапыт сөз көп.
«Кейінгі кезде түсірілген фильмдердің көпшілігіндегі диалогтар — тұнған боғауыз. Youtube-арнасына жүктелген бейәдеп тілді кинолардың қаралымы миллиондап саналады. Өкініштісі, бұл «өнімдерге» танымал театр, кино актерлерінің де түсіп, өскелең ұрпақтың санасын улап, жастарды әдеп пен ибадан қашықтатуға барынша «үлес» қосып жүргендерін көріп жүрміз. Кино — ең мықты идеологиялық құрал. Фильм арқылы адамның санасын асқақтатып, рухани байытуға да, азғындатып, құлдыратуға да болады. Өте үлкен көлемде айыппұл салып, қатаң жазалауды осы саладан бастау керек», — деп жазған ол Желіде.
Желі қолданушылары оның бұл пікірін қолдаған.
«Дұрыс айтасыз», «Осындай кино режиссерлеріне айып салған жөн!», «Дұрыс айтасыз. Мен де кешегі демалыста Youtube-тан бір-екі киноны көрдім. Анайы сөздер көп екен. Режиссер, сценарийстер неге жіберген ондай сөздерді? Біз балаларды ол сөздерді айтпауға тәрбиелейміз, ал киноларда керісінше», «Қазір бала-шағамен кино көру мүмкін болмай қалды, аузына келгенін айтады, не тәрбие бұл!», «Өте орынды мәселе! Көп фильмді көппен бірге көре алмайтын хәлге жеттік», — деп жазған Желідегілер.