Четверг, 28 ноября, 2024

Тұрғын үй кезегінде қайтыс болған 15 мыңдай азамат тұр

Елімізде баспана кезегінде тұрған 232 мың адамның құжаты заң талаптарына сай емес. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол айтқандай, бүгінде тұрғын үй кезегінде 646 819 қазақстандық азамат тұр. Сонымен қатар кейінгі жылдары олардың қатары ұлғайып келеді. Айталық, кейінгі 10 жылда кезек 6 есеге артты.

«Сонымен бірге халық тарапынан аталған кезекке баспанасы бар азаматтар тұрып жатқаны туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Осыған байланысты біздің ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, аталған тізімнің заң талаптарының сәйкестігіне талдау жүргізілді. Оның нәтижесінде кезекте тұрған 96,1 мың азаматтың кейінгі 5 жылда жеке баспанасы болғаны, 533 адамның Қазақстанның азаматтығы жоқ екені, 91,4 мыңдай адамның тұрғылықты жері кезекке тіркелген өңірмен сәйкес келмейтіні, сондай-ақ 29 мың адамның тіркелмегені және 15,6 мың адамның қайтыс болғаны анықталып отыр», — деді Б.Қабдол.

Демек үй кезегінде тұрған 232 мыңға жуық азаматтың жеке деректері заң талаптарына сай болмағандықтан оларды тізімнен шығаруға тура келеді.

«Аталған тізімді түгендеу кезектің қозғалу процесін жеделдетуге және расымен де баспанаға мұқтаж азаматтардың құқықтарын кез келген оғаш әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді», — деді Б.Қабдол.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған