Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты 70 жасқа толуымен құттықтап, ізгі тілегін жолдады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан мемлекеттіліктің нығаюы мен қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму жолымен дәйекті түрде жүріп жатқанын атап өтті.
«Соңғы жылдары елдің халықаралық аренадағы беделі айтарлықтай артты. Біз Сіздің Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық, стратегиялық қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесіңізді жоғары бағалаймыз және екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түсуіне үміт артамыз», – деді Түрікменстан басшысы.
Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, амандық және бауырлас Қазақстан Республикасының бақытты өмірі мен гүлденуі жолындағы жауапты мемлекеттік қызметінде жаңа табыстар тіледі.
Сердар Бердімұхамедовтің құттықтауы «Нейтральный Туркменистан» газетінде жарияланды.