Түркістан облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері ауыл әкімдерін қорқытып, пара ьеруге итермелеген. Соның салдарынан салдарынан 7 ауылдық округтің әкімдері мен әкімшіліктің 1 есепшісі сотталып, жазаға тартылған. Алайда Бас прокуратураның тексеруімен пара беруге арандатқан үшін Антикор қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдарының қызметкерлері тарапынан арандату фактілерін болдырмауға бағытталған жұмыс жүргізіп жатыр. «Жедел-iздестiру қызметi туралы» заңының 15-бабы қылмыстық қудалау органдарының қызметкерлеріне азаматтарды құқықбұзушылыққа итермелеуге және арандатуға тікелей тыйым салады», — деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Бас прокуратура хабарлағандай, жекелеген қызметкерлер бұл талапты бұзғандықтан, өздері сотталушылардың орнынан табылып жатыр.
«Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімшілігін тексеріп, ауылдық округтерінің әкімдерін қылмыстық жауапкершілікке тартумен қорқытып, олардан ақшалай қаражат талап еткен. Олардың тұрақты түрдегі талаптарынан кейін әкімшілік жұмыскерлері тексерушілерге тексерістің оң шешілуі үшін 400 мыңнан 630 мың теңгеге дейінгі қаражатты беріп, пара беру дерегі бойынша ұсталған. Соның салдарынан 7 ауылдық округтің әкімдері мен әкімшіліктің 1 есепшісі соттармен әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру және айыппұл түріндегі жазаларға тартылған», — делінген хабарламада.
Бас прокурордың наразылығымен Жоғарғы сот оларды толығымен ақтап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдерінің іс-әрекеттерінде тікелей арандатушылық бар екенін анықтаған.
«Өз кезегінде, 2 жедел өкілге қатысты Қылмыстық кодектің 362-бабы 4-бөлігімен (билiктi және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокуроры жүргізіп, кінәларын толығымен дәлелдеп, қылмыстық іс сотқа жолданған.
Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2023 жылғы 26 қаңтарындағы үкімімен ауыр санаттағы лауазымдық қылмысты жасағандары үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бұрынғы 2 жедел өкілі арнайы шендерінен айырылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасына тартылды», — делінген хабарламада.
Жәбірленушілердің пайдасына моральдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, сотталушылар шағым түсірді.