Түркістан облысының 29 жастағы тұрғыны Мейірхан Топанбай 10 тілде еркін сөйлейді. Туғаннан сал ауруына шалдыққан жігерлі жігіт ауыл кітапханасында жұмыс істейді. Уақытын текке өткізбей, тіл үйренуге жұмсаған ол бүгінде түрік, парсы, неміс, грек, испан, армян, поляк, тәжік, француз тілдерін жетік біледі, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Телеарнаның хабарлауынша, полиглот Мейірхан Топанбай орта мектепті үздік оқып, екі бірдей мамандықты меңгерген. Ол тіл үйреніп, өзге ұлттың шығармаларымен танысуға бала кезден құмар болыпты.
Телеарнаға берген сұхбатында ол қазір өз бетінше ағылшын сабығын оқып, тіл сындырып жүргенін айтқан. »
Түрік тілі, грек тілін мен бала кезімнен үйрендім. Одан кейін мектепке барғаннан кейін неміс тілін үйрендім, француз тілін үйрендім. Содан соң университетке барғанда парсы және тәжік тілін үйрендім. Одан соң поляк пен болгар тілін игердім. Содан соң испан тілі, қазір міне итальян тілін үйретіп жатырмын. Мүгедектігім бар болса да, масыл болғым келмейді», — дейді Мейірхан.
Телеарнаның мәліметінше, ізденімпаз жігіттің бір көзінің көру қабілеті нашар, бірақ соған қарамастан кітап оқудан бас тартпайды.
Мейірханға аудио басылымдар, брайль харіптерімен жазылған кітаптардың көмегі тиген.
«Сал ауруына шалдыққан балаларды көбінесе бізде қоғамда дұрыс қабылдамай жатады. Себебі оларды көбі «сал ауруға шалдыққа балалар, адамдар ақыл-есінде ауытқуы бар» деп ойлайды. Алайда олай емес. Қоғамдағы адамдардың түрлі пікірін, әртүрлі көзқарасына менің ата-анам төтеп бере білді», — дейді ол.
Одан бөлек, телеарнаның хабарлауынша, ауыл кітапханашысы түрлі мәдени шараларды ұйымдастырып, оқырмандарды ынталандырумен, және кітап оқып, тіл сындырумен қатар аударма ісімен де айналысады.
Өткен жылы оның «Ақиқаттан аттамайық!» атты алғашқы жинағы жарық көрген.