Түркістан облысында жедел жәрдем қызметкерлерімен жолға таласып, төбелескен тұрғын жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Әлеуметтік желіде жедел жәрдем қызметкерлерімен жол бойында жанжалдасып, төбелескен тұрғынның видеосы тарады.
Онда қолында сырасы бар көлік жүргізушісі жедел жәрдем қызметкерін ұрғаны анық көрінеді.
Ал, шақырту бойынша жеткен тәртіп сақшысы ешқандай шара қолданбай, күдіктінің оқиға орнын тастап кетуіне жол берген.
Аталған оқиға Төлеби ауданына қарасты Леңгір қаласында болған.
«Полиция қызметкерлері заңға қайшы әрекетті тоқтатты. «Volkswagen Passat» көлігінің жүргізушісі медициналық куәландыруға жеткізіліп, оның «жеңіл дәрежелі» мас болғаны расталды. Бұзақылық әрекеттері мен дене жарақатын салу фактісі бойынша ҚР ҚК 293-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тергеу барысында жедел жәрдем жүргізушісі ешқандай шағымы жоқ екені туралы қарсы арыз түсірген. 25 маусымда тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс ҚР ҚПК 35-бабы 1-бөлігі және 68-бабы 1-бөлігіне сәйкес тоқтатылды» — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ, «Volkswagen Passat» жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (мас күйінде көлік басқару) мен ҚР ӘҚБтК 590-бабы 4-бөлігі (жалған нөмірі бар автокөлікті басқару) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, көлік айыптұраққа қойылды.
Ал, бейнежазбадағы шақырту бойынша келген полицейге қатысты қызметтік тергеу жүргізілетін болды.