Четверг, 28 ноября, 2024

Түркістан облысында мәслихат депутатының қатысуымен төбелес болды

Түркістан облысында аудандық мәслихат депутатының қатысуымен төбелес болды, деп хабарлады ARDA-AKPARAT.

Мақтаарал ауданында отбасымен серуендеп жүрген жігітке аудандық мәслихаттың депутатымен қоса бір топ адам соқтыққан. Тіптен депутаттың қасындағы ер адам қызы мен әйелін көзінше жігітке соққы да жұмсаған. Кішкентай қызы мен әйелінің шырылдап араша түскеніне де қарамастан, бір топ адам саябақта серуендеуші жігітке қысым көрсетіп, басынан соққы да жұмсаған.

Отбасының көзінше соққыға жығылған ашулы жігіт машинамен жүруге тыйым салынған саябаққа өтіп, өзін ұрған дөкейді қағып кеткен. Аталған жағдайдың бейнекөрінісі қоғамда дау туғызды. Әлеуметтік желідегі жағдайды көрген жұрт депутат пен оның жанындағы серіктестерін де қатал жазалауды талап етуде. Болған жағдайға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.

«Полиция бөліміне ауруханадан дене жарақаты бар ер адам жеткізілгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Анықталғандай, 13 мамырда сағат 21:30 шамасында Мырзакенттегі орталық алаңда екі тұрғын арасында жанжал болып, соңы төбелеске ұласқан. Соның салдарынан олардың бірі өзінің «Mercedes-Benz» көлігімен екіншісін соққан.

Қазіргі таңда екі тарапқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» мен ҚР ҚК-нің 293-бөлігі «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қасақана шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар оқиға басталған сәтте аудандық мәслихаттың депутаты да қатысып, ажыратуға тырысқаны анықталды», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Тергеуді Түркістан облысы ПД бастығы бақылауға алған. Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаның барлық қатысушыларына толық құқықтық баға берілмек.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған