Түркістан облысында жолда қалған 35 адам құтқарылды, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 29 қарашада 112 пультіне Ащысай асуындағы Кентау-Шолаққорған автожолының 55 шақырымында көктайғаққа байланысты жолаушылары бар 2 жүк және 8 жеңіл автомобильден құралған кептеліс пайда болғаны туралы хабарлама келіп түсті.
«Төтенше жағдай орнына келген құтқарушылар 2 жүк және 8 жеңіл автокөлікті сүйреп алып шықты. 35 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет етілген жоқ”, — делінген хабарламада.
Авариялық-құтқару операциясына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 13 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.
«Түркістан облысының ТЖД азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға шақырады. Дауыл туралы ескерту хабарламаларын ескеріп, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар», — делінген хабарламада.