Түркістан облысының Түлкібас ауданында осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер мұқтаж отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Абай және Б.Садықов атындағы мектептерден түлеп ұшқан азаматтар бірігіп, мүмкіндігі шектеулі қыз тәрбиелеп отырған Кемелбековтер отбасына аудан орталығынан 6 бөлмелі, қорасы мен моншасы, сарайы бар баспана кілтін табыстады.
Оған қоса, түлектер ақша жинап, 8 млн 600 мың теңгеге үйге қажетті жиһаздар мен техникаларды сатып алып, үйдің ішін толықтай жабдықтап берді. Мүгедектігі бар отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Іс-шара соңында дәстүр бойынша 2003 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2004 жылғы түлектерге жолдады.
Еске сала кетсек, Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің түлектері осыдан 6 жыл бұрын елімізде алғаш болып білім ордасын бітіргендеріне 20 жыл толған күні көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Бұл игі дәстүр жалғасын тауып келеді.