«Керуен сарай» туристік кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып түркістандықтар мен шаһарға келген саяхатшыларды келе жатқан Наурыз мерекесімен және туристік маусымның ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
– Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Осы қысқа ғана уақытта облыс пен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды. Тарихи шаһарда жүздеген нысан бой көтеріп, адам танымастай өзгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс тұрғындарымен кездесуінде Түркістанға тарихи және рухани елорда мәртебесін беруді тапсырды. Қазір бұл бағытта белсенді жұмыс жүріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, туризм – облыс экономикасының басым салаларының бірі. Облыс аумағында 1700-ден астам тарихи және мәдени ескерткіш бар. Соның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра нысандарының тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Облыстың табиғаты да айрықша. Саяхат – адамды сергітетін сала. Сондықтан біз туризмнің салаларын жан-жақты дамытып қана қоймай, экологиялық сауаттылықты, саяхаттау мәдениетін де көтеруіміз керек. Бұл ретте Түркістан облысында саяхатшыларды қызықтыратын орындар көп. Отандастарымыз бен шетелдіктерді Түркістан өңіріне саяхаттауға шақырамыз! Сіздерді жаңа жылда жаңарған Түркістанда қарсы алуға әрқашан дайынбыз! – деді Дархан Сатыбалды.
Туристік маусымның ашылуына орай «Керуен сарайда» түрлі байқаулар, жалпыхалықтық серуендер ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Сөзді жалғастыр» интелектуалды ойыны, гір тасын көтеру, қол күресі, бауырсақ жеу және қымыз ішуден қызықты сайыстар өтті. Өңір басшысы солардың бірқатарын марапаттады. Жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар, қонақ үйлерге сертификаттар тапсырылды. «Turkistan» телеарнасының 2 жылдығына арналған іс-шаралар да мазмұнды болды.
Саяхатшылар мен түркістандықтарды таңғалдырған мерекеде алып батырлар, садақшылар бүркіттері мен тазыларын, қыран құстарын жұртшылыққа көрсетіп, ұлттық болмысымыздан, мәдениетімізден сыр шертті. Қазақы нақыштағы киімдер, қазақтың күйлері мен әндері көпшілікті сүйсіндірді. Өте әсерлі субұрқақ шоуы ұйымдастырылып, әуе шарлары көкке көтерілді. Жанға жігер сыйлайтын концерттік бағдарлама ұсынылды.
Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып келе жатыр. 2018-2022 жылдар аралығында облыстың туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі 300 млрд. теңгеден асып отыр. Өңірде ЮНЕСКО-ның биосфералық нысандары тізіміне енгізілген «Қаратау» және «Ақсу-Жабағылы» табиғи қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі бар. Қазығұрт тауы мен Машат шатқалы да саяхатшыларды қызықтырады. Сарыағаш ауданында минералды су көздерімен емдік-сауықтыру туризмі дамыған. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы 68 емдеу-сауықтыру орнына жыл сайын 100 мыңнан астам адам келіп, тынығады.
Жыл сайын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 800 мыңнан астам адам, Арыстанбаб кесенесіне 350 мыңнан астам адам келеді. Түркістан қаласына келушілер саны да арту үстінде. Жаңа нысандар, қонақүйлер, мәдени және туристік орындар саны көбейді.