Четверг, 28 ноября, 2024

Түркітілдес елдерге ортақ 10 пилоттық анимациялық жобаның өндірісі басталды

«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі отандық 10 анимациялық студиямен бірге түркітілдес елдерге ортақ ежелгі аңыздарға негізделген пилоттық анимациялық жобаның өндірісін бастады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, анимациялық альманахқа кіретін әр туындының хронометражы 5 минуттан асады. Өндіріске жіберілген 10 жоба арнайы ұйымдастырылған байқау нәтижесінде іріктеліп алынды.

Конкурсқа түркітілдес елдердің ұлы тұлғалары, қасиетті жануарлары мен жер-су атаулары, түркітілдес елдердің ортақ мерекелері мен ұлттық ойын-сауықтары туралы аңыздар негізінде жазылған 26 студиядан 40 сценарий қабылданды. Ашық қорғау қорытындысы бойынша «Үш Арыс», «Шырақ батыр мен бүркіт жайлы аңыз», «Лэйла. Түркі Патшайымының құпиясы», «Ашина – бірінші көктүрік», «Тұран», «Алтын көл», «Ахмет», «Қожанасыр және ұры», «Суындар» және «Жұмақ дегеніміз…» атты 10 анимациялық жоба қолдауға ие болды.

«Өндіріске жіберілген пилоттық анимациялық жобалар жанр жағынан да, тақырып бойынша да бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен дараланады. Бұл жоба түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, қазақстандық студияларға жаңа нарықтарға шығып, көрермен аудиториясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл – болашақта бауырлас елдермен бірлескен анимациялық жобалар жасаудың алғашқы қадамы», — деді министрліктің Мәдениет комитеті төрағасының міндетін атқарушы Күміс Сейітова.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған