Түркияның солтүстік-батысында Чанаккале провинциясында 11 сағаттан бері орман өртеніп жатыр. 1 104 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Түркияның ауыл және орман шаруашылығы министрі Ибрагим Юмаклы өртті әзірге бақылауға алу мүмкін болмай отырғанын хабарлады және билік барлық жағдайға дайындалып жатыр. Қазір алты ауыл эвакуацияланды, тағы үш ауыл эвакуацияға дайын. Өрт 1500 гектарды шарпыған. 7 үй толық өртеніп, 48 адам ауруханаға жатқызылды.
Түркия көлік және инфрақұрылым министрлігі орман өртіне байланысты Чанаккале-Кепез ауданында оңтүстік-солтүстік бағытқа жүзетін кемелер қозғалысы уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Қозғалыс екі бағыттан бір бағытқа айналды.
«Өрт теңіз жағалауын шарпыған жағдайда Жағалау қауіпсіздігі бас басқармасының сүйреткіштері көмек көрсетуге дайын тұр», — делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Еске салайық, таяуда Түркия орталығында Эскишехир провинциясында температурадан жаңа рекорд орнады: 49,5 градус. Бұған дейінгі рекорд 2021 жылдың 20 шілдесінде Ширнак провинциясында (49,1 градус) болған еді.