Вторник, 26 ноября, 2024

Үкімет басшысы 5G енгізуді 2027 жылға дейін аяқтауды тапсырды

Премьер-Министр Әлихан Смайылов елімізде интернет және байланыс сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Бағдат Батырбекұлы, сапалы интернет және ұялы байланыспен қамтуға қатысты наразылықтар мен шағымдар туралы жақсы білесіз. Сапалы байланыс қалалық жерлерде де болмай жатады. Қазір бәрін ұялы телефонның көмегімен алуға болады. Кейде интернеттің дұрыс болмауынан мүмкін болмай жатады. Бұл мәселені шешу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық өңір (қала, аудан, ауыл) сапалы ұялы байланыс және интернетпен қамтамасыз етілуі тиіс», — Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Сондай-ақ, Премьер-Министр республикалық және жергілікті автожолдарды интернетпен қамтуды тапсырды.

«Министрлік ұялы байланыс пен интернеттің сапасына талдау жүргізуі қажет. Соның негізінде тиісті іс-шаралар әзірленіп, ол «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде қабылдануы тиіс. Бүгінде елімізде 5G ұялы байланысын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Бірінші кезекте республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарын қамту жоспарланып отыр. Аталған жұмыс 2027 жылы аяқталуы керек», — дейді ол.

Үкімет басшысы өңірлерде 3G және 4G байланыс стандарттарын одан әрі дамыту маңызды екенін еске салды.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған