Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады. Тиісті қаулы қабылдады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ қызметіне:
— әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;
— ғылым жөніндегі жыл сайынғы ұлттық баяндаманы дайындауды және басып шығаруды үйлестіру;
— ғылымды дамыту бойынша форсайттық зерттеулерді дайындауды және жүргізуді үйлестіру;
— ғылым саласында атаулы сыйлықтар мен стипендиялар алуға конкурстар өткізу;
— ғылым мен техниканың әртүрлі салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу;
— ғылыми журналдар шығару, халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қатысу;
— ғылымды танымал етуге қатысу және т.б. кіреді.
ҚР ҰҒА жұмысын қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінген бюджет қаражаты есебінен жүреді.
Еске сала кетейік, биылғы 1 маусымда Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттен қаржы бөліп, мемлекеттік мәртебе бере отырып, Академияның рөлін арттыруды тапсырған болатын. Академиктердің ұсынысы бойынша Үкімет ҰҒА-ны трансформациялау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Оның негізгі міндеті Академия қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірыңғай ұстанымды қалыптастыру болды.