Четверг, 28 ноября, 2024

Ұлттық музей қоры Абай шай ішкен самаурынмен толықты

ҚР Ұлттық музейі қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы шай ішкен самаурынмен толықты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Ұлттық музейдің қоры ақынға қатысты тағы бір құнды жәдігермен толыққалы отыр. Бұл – Семей қаласындағы меценат Бекбай Байысовтың кереуен сарайында тұрған, Абай Құнанбайұлы бастаған қазақтың зиялылары шай ішкен самаурын. Аталмыш тарихи жәдігердің тағы бір құндылығы – Семейде Абай атындағы алғашқы музей ашылғанда сол жердегі экспозицияға ұлы ақын пайдаланған тұрмыстық бұйым ретінде қойылуында», – деді Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Жүдебаев.

Самаурын халықаралық Абай қорынан табысталып отырған алғашқы жәдігер екенін атап өту керек. Бұл Ұлттық музей қорында сақталатын Абайға тиесілі 43-ші жәдігер атанды.

«Ұлы Абайдың алғашқы музейі Бекбай Байысовтың аялдама үйінде ашылып, жәдігер соның қорында сақталды. Кейіннен Семейде оң және сол жағалауды жалғастыратын көпірдің құрылысына байланысты бұл үй толық сүрілді. Осы кезде сол жердегі жәдігерлер басқа мұражайларға берілген. Өкінішке қарай, ешкім құнды жәдігер ретінде бағаламағандықтан, самаурын шаруашылық саласын басқарған Құсан деген кісінің үйінде сақталған. Кейіннен жас тарихшы Айтқали Бейсембайұлы Қыстаубаев өзіне алған. Халықаралық Абай қорының құрылтайшысы Ермек Айтқалиұлына әкеден балаға мұра ретінде берілген»,– деді Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының төрағасы Асылан Ғафуров.

Оның сөзінше, баяғыда Ертістің сол жағалуынан келгендердің барлығы таңертеңгі паромды күтіп, Бекбай Байысовтың үйіне жиналған. Абай, Шәкәрім және тағы да басқа ғұламалар осы самаурыннан шәй ішкен.

2020 жылы халықаралық Абай атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қоры құрылады. Бұл самаурын қорға сол жылы тапсырылды.

«Үш жыл бізде сақталды. Сол аралықта министрлікке бірнеше рет ұсыныс айтылған болатын, бірақ жәдігер қабылданбады. Биыл Абай күніне орай осы мәселе өз шешімін тауып, Ұлттық музей қорына бірден қабылданды», – деп атап өтті Асылан Ғафуров.

Тарихшы Айтқали Қыстаубаев Абайдың алғашқы музейі басқа мекенжайға көшірілгенде, үлкен және кіші екі Тула самаурынын алып қалған. Кіші Тула самаурыны 1893 жылы жасалған. Осы уақытқа дейін жәдігер екі рет реставрациядан өтіпті.

«Әкем Айтқали Бейсембайұлы құнды дүниелерді жинағанды ұнататын. Самаурынға алғашқы реставрацияны 1980-ші жылдары жасатты, екінші рет осыдан он жыл бұрын Кубрин деген Ресейдің ұстасы жасады»,– деді Абай атындағы халықаралық мәдениет және өнерді қолдау қорының құрылтайшысы, кәсіпкер Ермек Айтқалиұлы.

ҚР Ұлттық музейінің Қор жұмыстары қызметінің басшысы Бәтеш Ақпасова бұл самаурынның сипаттамалары жасалынып, арнайы ғылыми паспорты әзірленетінін айтты.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған