Пятница, 29 ноября, 2024

Ұлы даланың салт-дәстүрі салтанат құрды: Алматылықтар көшпелілер әлемімен қауышты

Алматылықтар ұлттық киімдер жәрмеңкесіне қатысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, шабандоздар мен өнерпаздардың өнерін тамашалауға мүмкіндік алды. Сенбі күні Алатау бөктерінде Saq этно фестивалі өтіп, Ұлы даланың салт-дәстүрі салтанат құрды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Қаз-қатар тігілген қазақы нақыштағы ақшаңқан үйлер мерекенің сәнін келтіріп, ауыздығымен алысқан арғымақтар шараның шырайын кіргізді. Жоба қала тұрғындарын көшпелілер әлемімен қауыштырды деуге болады.

Фестиваль ұйымдастырушысы Құндыз Бошагулованың айтуынша, ол қазақ халқының жылқыны өсіру және баптау мәдениетін барша әлемге танытқысы келеді.

«Мысалы, Бразилияда би фестивалі, Жапонияда сакураның гүлдеуі фестивалі, Үндістанда бояулар фестивалі болады. Біз осы елдерді айтқанда бірден олардың осы дәстүрлерін қоса еске түсіреміз. Ал жылқыны өсіру мен баптау қазақ халқының ерекше дәстүрлерінің бірі. Шараны тұрақты түрде жыл сайын ұйымдастырып отырып, қазақ дегенде жылқы елестейтін деңгейге жетсек деп ойлаймын», – дейді ұйымдастырушы.

Ол өзінің жылқыға деген және ұлттық спорт түрлеріне деген сүйіспеншілігін басқа адамдармен бөлісіп, насихаттағысы келетінін айтады.

«Жан-жануарлардың жарлығын жақсы көремін. Бірақ жылқыға деген махаббатым ерекше. Өзімнің осы қызығушылығымды жұмысқа айналдырып, былтыр «Сақ» ат клубын ашқан болатынмын. Бір жыл мерей тойымызға орай осындай мереке ұйымдастырғанды жөн көрдік. Осы жерге жиналған адамдардың қазақ мәдениетіне деген көзқарасы өзгерсе, дәстүрлерімізге қызығушылық танытатын болса, біздің жеткен жетістігіміз осы деп білемін», – дейді ол.

Күннің ыстығына қарамастан сенбі күні фестивальді тамашалауға 700-ден аса халық жиналды. Олар шабандоздар мен садақ атушылардың, палуандардың аударыспағы мен дәстүр музыка майталмандарының өнерін тамашалады. Көрермендердің өзі де ұлттық ойындарға қатысып, ләңгі теуіп, садақ атып, алтыбақанда тербелді.

«Бұл жерге келіп қатты таңқалып отырмын. Сақ тайпасынан бері келе жатқан керемет қазақи дәстүрді көріп, алтыбақан тебуге, Қыз қуу тамашалауға мүмкіндік алдық. Одан бөлек, өзім ұлттық нақыштағы киімдерді көріп, көңілім көтеріліп, марқайып қалдым. Сақ фестиваль деген атын естігенде, ұлттық камзолымды киіп, немелерімді жетектеп келгенді жөн көрдім», – дейді Зейнепхан ұстаз.

Алатау бөктеріне тігілген ақ боз киіз үйлерде қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды.

«Қазір киіз үйге кіріп, қымыз ішіп, дәстүрлі тағамдардан дәм таттық. Өзім 45 жылдық еңбек өтілі бар ұстазбын, мұндай шаралар жиі болып тұрса, оқушыларымды ертіп келіп, осы тамаша көріністерді көрсетсем деген ойда тұрмын», — дейді ол.

Қонақтар бүркіт ұстап, таз ерткен саясатшыларға таңдана қарап, батыр сауыттарын киген ірі денелі жігіттермен үкі тағып, бүрмелі көйлек киген қыздарға қарап таңдай қағып жатты. Ұлттық киім мен қолөнер көрмесімен танысты.

«Мына кең даланы ат дүбірімен дүбірлетіп жүрген қыздарды көріп, сүйсініп, көз алдыма баяғы Құртқа мен Гүлбаршындар елестеп жатыр. Өзім де кимешек киіп, әженің образын көрсетіп, дәріптегім келді. Осы тамаша көріністі көрсін деп, ұлттық киім кигізіп жиенімді де ертіп келдім. Қазақтың салт-дәстүрін көріп, ұлттық тәрбиемен сусындап, осындай шаралардан ләззат алып, рух алып, әрі қарай жалғастырса деймін», — деп оймен бөлісті шара қонағы Балнұр апа.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған