Вторник, 26 ноября, 2024

Ұлықбек Есдәулетовтың өлеңіне Қытайда бейнебаян түсірілді

Белгілі ақын, Түріксой Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдері әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Олардың ішінде қытайша да бар.
Шығыстағы алып көрші елде Ұлықбек Есдәулеттің қытай тіліне аударылған өлеңдерінің біріне бейнебаян түсіріліпті. Әдебиет әлеміндегі бұл қуанышты жаңалықты Facebook-тегі жеке парақшасында ақынның өзі бөлісті.
«Қытайда «Идиллия» деген өлеңімнің аудармасына бейнеклип түсіріп, әлемжеліге салыпты», – деп жазды Ұ.Есдәулет.
Біз оның сол «Идиллия» атты өлеңін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

ИДИЛЛИЯ
Мен бүгiн ұйықтайыншы бау iшiнде,
Төсек сал,
суық тимес,
әлi шiлде.
Жасымнан көз iлгендi жақсы көрем
Бақтағы елтiп жатып дауыс, үнге.
Аспанда бүгiн қандай ай тамаша,
Жүзiп жүр қара бұлтпен тайталаса.
Жарқырап жанбас менiң қос жанарым,
Аққанын жұлдыздардың байқамаса.
Сағындым арықтағы су сылдырын,
Ағып кеп көкiрегiме кiрсiн бүгiн.
Әйтпесе жоғалтармын түнгi бақтың,
Бойымда бұрыннан бар сыршылдығын.
Тiлдерiн жапырақтың үйренейiн,
Самалмен тiл табысар күйге енейiн.
Ашайын соларға мен басқа жұрттан
Жасырған сырым болса түймедейiн.
Төсек сал, ұйықтайыншы бау iшiнде,
Маужырап жатайын таң сәрiсiнде.
Кәрi апам гүрпiлдетiп сиыр сауып,
Оятар кiрiскенде шай iшуге.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған