Ұлытау облысында Сәтбаев өндірістік учаскесіне қарасты №65 шахта кеншілері мен мердігерлері ереуілге шықты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Қазақмыс» корпорациясы баспасөз қызметі мәліметінше, 14 тамызда түнгі ауысымға шыққан кеншілер мен басқа да жұмысшылар жұмыстың тоқтатылатынын мәлімдеді.
Оқиға орнына «Қазақмыс» басшылығы, прокуратура қызметкерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері барғаны айтылды.
«Қазіргі уақытта «Қазақмыс» басшылығы туындаған мәселелерді шешу үшін кеншілер тобымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр», — делінген корпорация таратқан хабарламада.
Баспасөз қызметі «Қазақмыс» компаниялар тобы конструктивті диалогқа ашық деп сендірді.