Елімізде адам денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіруді және ұрып-соғуды қылмыстық жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров мәлім етті.
«2023 жылғы 8 желтоқсанда ҚР Президентінің Жарлығымен (№409) бекітілген «Адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл» жоспары бекітілді. Соның негізінде бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева және Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі шараларды күшейту жөнінде заңнамалық түзетулер әзірленді», — деді Ренат Зұлхайыров ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
«Құқық бұзушының мінез-құлқына, өз-өзін ұстауына талаптар қойылып, қажет жағдайда әлеуметтік бейімделу орталықтарына жіберу қарастырылып жатыр. Сондай-ақ күш көрсетушінің психокоррекциялық курстардан өтуі қарастырылған. Жоғарыда аталған талаптар қылмыстық кодекс шеңберінде белгіленеді», — дейді министрлік өкілі.
ARDA-Aqparat