Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ұшақтарға ұлттық аспаптарды кіргізбеуге қатысты әуе компанияларының әрекетін сынға алды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қатысты қойылатын сұрақ бар. Азамат Өмірзақұлы (вице-министр), бұл тақырып қазір әлеуметтік желілелерде көтеріліп жатыр. Қазір әуе компанияларында қазақтың ұлттық аспаптарына қарсылығы жоспарланғандай жүріп жатқан сияқты. Домбыра тек ағаштан жасалатын аспап, құрамында металл жоқ. Яғни ешқандай зияны жоқ аспап. Бұл мәселе бойынша әуе компанияларына дұғай-дұғай сәлем айтыңыз. Осы мәселені шешіп беріңіздер. Қазақтың ұлттық аспаптарын ұшаққа кіргізуге рұқсат берілсін. Яғни, қолдарыңыздан келмесе, бұл рұқсатты алмаса, онда Алматы мен Астананың әуежайына кемінде мың домбырашыны қойып, «Адай» күйін ойнатып, жалынып сұрайық», — деді Р. Зайытов Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында.