ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ядролық энергетиканың болашағы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Министрдің әлеуметтік желіге ядролық индустрия саласындағы жаһандық тенденциялар туралы пікір жазуына АҚШ-тың жаңа стратегиясы себеп болғанға ұқсайды.
«Бүгін АҚШ-та ядролық дамудың жаңа стратегиясы жарияланды. Калифорниядағы Лоуренс Ливермор ұлттық зертханасының ғалымдары тарихта алғаш рет термоядролық синтез арқылы «таза энергия өсіміне» қол жеткізген.
АҚШ-тың ядролық дамуының жаңа стратегиясы біздің отандық ғылыми ортамызды егжей-тегжейлі зерттеуді талап етеді. Мұның бірнеше себебі бар.
Бірінші себеп – энергетика саласының күн сайын өзгеріп отыратыны. Ғалымдар мен сарапшылардың көбі әлем елдерін энергияның жаңа көздеріне көшуге, энергетикалық жүйені жетілдіруге үндеп жүр.
Әлем бәрімізді біртіндеп мұнай, газ, көмір сияқты дәстүрлі энергия көздерінен бас тартуға мәжбүрлеп жатыр. Өйткені бұл көздердің қоры тым баяу қалпына келеді. Бірнеше онжылдықтардан кейін әлемдегі жетекші елдердің энергетикасы мүлдем басқаша сипатқа енеді», — деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында. https://www.facebook.com/sayasat
Оның пайымынша, АҚШ-тың ядролық даму стратегиясын қайта қарауына энергетикалық тәуелсіздіктің қамы түрткі болып отыр.
«Ғалымдардың пайымдауынша, процесс толық игерілсе термоядролық қондырғылар ядролық қондырғыларға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз болады. Қазіргі таңда атом электр станциялары энергияны алу үшін атомдарды ыдыратып бөлу тәсілін пайдаланады. Ал жаңа тәсіл бойынша энергияны атомдардың бірігуі арқылы алуға болады. Бұл әлдеқайда қауіпсіз», — деген Саясат Нұрбек АҚШ Энергетика министрі Дженнифер Грэнхольмнен дәйексөз келтіреді.
«Бұл мемлекеттің ғылымға салған инвестициясы бірнеше еселеп қайтатынына айқын мысал бола алады. Еліміздің болашағын берекелі ету үшін осы саланы дамытып, инвестиция бағыттау керек», — деп түйіндейді министр.