Сенатор Жанболат Жөргенбаев Қарасай ауданындағы «Үшқоңырирригация» мемлекеттік су шаруашылығы коммуналдық кәсіпорнында сала мамандарымен және фермер шаруашылығының өкілдерімен кездесті.
Сенаттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сенатор кездесу барысында су пайдаланушылардың жағдайымен танысып, сала сарапшыларының пікірін тыңдады. Мамандар аудандағы аграрлық саланың негізгі проблемалық мәселелерін, оның ішінде суару желілерінің тозуы мен істен шығуына қатысты тақырыптарды көтерді.
Сенатор Жамбыл ауданындағы «Сорбұлақ» суармалы алқабындағы су шаруашылығы мамандарымен де кездесті.
Фермерлер депутатқа Сорбұлақ көлінде су жинау мәселесі туралы айтып берді. Жазғы кезеңде қаланың сарқынды суы «Қос Рух» арнасы арқылы Іле ауданындағы 3,5 мың га жерін суару үшін, сондай-ақ «Сорбұлақ» су қоймасынан сорғы станциялары арқылы Жамбыл ауданындағы 2,5 мың га жерді суару үшін пайдаланылады. Өсімдіктердің өсіп-өну кезеңінде су қоймасына келетін су көлемі бұрынғы қалпында болады және көлдегі су көлемі ғана азаяды.
Сарапшылардың пікірінше, егер бұл мәселе шешілсе, бұл өнімнің өнімділігі артады және уақыт үнемделеді.
«Бұл ауқымды мәселе. Осыған байланысты Экология министрлігінің Табиғатты қорғау реттеу комитеті суаруға сарқынды суды пайдалануды есептеу әдістемесін әзірлеу жөнінде жоспарлы жұмыс жүргізуі тиіс. Біздің міндетіміз – суармалы жерлердің аумағын ұлғайту, ылғал үнемдейтін технологияны қарқынды енгізу болып табылады. Мемлекет фермерлерге субсидиялар мен несиелеудің тиімді шарттарын ұсынып отыр. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек», — деді Жанболат Жөргенбаев.
ARDA-Aqparat