2007 жылдары өнер әлеміне қадам басқан Нұржан Қалжанның жұлдызын жаққан «Бұлбұл құсым» әніне қатысты дау шықты. Бұл мәселе KOREMIZ ток-шоуында айтылды, — деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Бағдарлама мәліметінше, «Бұлбұл құсым» әнінің авторы — Қытайдағы қазақ Ахметжан Рабжанұлы. Ал оның продюсері Ербосын Нұрмұханұлы Нұржан Қалжанның «Мың бір түн» бағдарламасына берген сұхбатына қатысты наразылығын білдірген. Нұржан Қалжан бағдарлама барысында бұл ән баласындай болып кеткенін айтқан.
Ал кейінірек ән авторының продюсері Ербосын Нұрмұханұлы мәлімдеме жасап, әншіге «Бұлбұл құсым» оның баласы емесін айтқан.
«Кешірім сұрасын, Нұржанды заң алдында жауап беруге міндеттеймін», — деген еді продюсер Ербосын Нұрмұханұлы бағдарламада.
Бұл әнді алғашында ән авторы Ахметжан қытай қазақтары арасында орындап танылған. Ал кейінірек Ninety one тобының әншісі ACE лақап атымен танымал Азамат Қайратұлының өкілдері бұл әнді орындау үшін Нұржан Қалжаннан рұқсат сұраған. Ал Нұржан Қалжан келісімін берген. Бұл мәселені ушықтыра түскен.
«Бұлбұл құсым» әнінің Қазақстанға келуіне бір кездері Нұржан Қалжанның продюсері болған Қыдырәлі Болманның да қатысы бар екен. Ол да бұл жағдайдан хабардар. Тіпті осы мәселелерден кейін Нұржан Қалжанға оның біреуге беретіндей құқығы жоғын да айтқан. Алайда ән саудаға түспеген, алғашында авторлары тегін берген.
Сондай-ақ, Нұржан Қалжан бағдарлама барысында Қыдырәлі Болмановтан неге кеткенін айтқан.
«Қыдырәлі ағамен арада келіспеушіліктер болды. Кетуге мәжбүр болдым. «Аға, рақмет сізге, өнерде ортаға қостыңыздар. Бірақ өз жолыммен жүре берейін» деген әңгіме болды. Екеу ара келіспеушілік болды. 10 жыл болды. Ақшаның, дүниенің мәселелері. Арамызда реніш болды. Жауапқа тарту деген дүние болмады», — дейді Нұржан Қалжан сұхбат барысында.
Бағдарлама аяғында мәселе шешімін тауып, Нұржан Қалжан ән авторының продюсерінен кешірім сұраған.