Павлодарда зейнет жасындағы кәсіпкерді соққыға жыққан ауыл әкімі сот залында жәбірленушіден кешірім сұрап жазадан құтылып кетті, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Бұған дейін Павлодарское ауылының әкімі мен жеке кәсіпкердің жанжалдасып іс сотқа жеткенін жазғанбыз. Айта кетерлігі, бір ай бұрын Павлодарское ауылының әкімі Сырым Рушанов пен зейнет жасындағы кәсіпкер Айтуған Бекмұхамбетов, бір тойда дастарқандас болады. Жиын тарқар тұста екеуі дәретхана ішінде сөзге келіп қалған. Сол жерде қарсыласынан жас (ауыл әкімі 1970 жылы туған — автор) әрі ұзақ жыл құқық қорғау саласында қызмет атқарған Сырым Рушанов, 62 жастағы зейнеткерді ұрып тастайды. Кейін ауылына барған соң Бекмұхамбетовтің жағдайы нашарлап аудандық ауруханаға жүгінді. Оның кеуде тұсы мен басынан жарақат алғаны анықталған. Дәрігерлер полиция шақыртып, іс қозғатты. Алғашқы сот отырысында әкім өзіне тағылған айыптан үзілді-кесілді бас тартқан. Әйтсе де, 19-шілде күнгі отырыста сот залында жәбірленушіден жұрт көзінше кешірім сұрап, судьяға татуласқандарын жеткізді. Осыдан кейін судья істі тоқтату жөнінде шешім шығарды. Егер, әкімнің кінәсі дәлелденген жағдайда ол 50 мың теңге айыппұл төлеп 15 тәулікке қамалар еді. Дегенмен, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өңірлік департамент, сот шешімі күшіне енген соң өз тарапымыздан шешім қабылдаймыз деді.
«Бүгінгі таңда, Павлодарское ауылының әкімі С.Рушанов пен зейнеткердің арасында сот процесі жүріп жатыр. Нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады», — дейді Павлодар облыстық мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Руслан Иманқұлов.