Жамбыл облысында 110 млн теңгенің ірі қарасын ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қордай аудандық полиция бөліміне ірі қара мал өсірумен айналысатын шаруа қожалығының 46 жастағы төрағасы жүгініп, мал ұрлығы жөнінде шағымданған. Ол 2021 жылдың қазанынан осы жылдың тамызына дейінгі аралықта жоғалған асыл тұқымды сиырларын ұрлауға малшысы мен көрші шаруа қожалық басқарушысының қатысы бар деп баяндаған. Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігімен (Мал ұрлығы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Аудандық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 1972 жылғы Шу ауданының және Алматы қаласының тұрғындарын ұстады. Күдіктілер кінәсын толық мойындады.
Тергеу барысында күдіктінің бірі мал ұрлығы туралы алдын ала жоспарлағаны анықталды. Осы мақсатта ол екі табын малды әдейі қосып жіберіп, біріктіріп баққан. Кешкілік басқа малшымен малды бөліп, соңында бірнешеуін өзіне қарай білдіртпей айдап жіберіп отырған. Түнде оларды табыннан бөліп алып, көрші шаруа қожалығына айдап апаратын болған, ал оның жетекшісі ұрланған малды сатқан. Осылайша, ұзақ уақыт бойы барлығы 137 ірі қараны ұрлаған. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 109 600 000 теңге.
Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторында отыр. ҚР Қылмыстық кодексінің талаптары бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады.