Вторник, 26 ноября, 2024

Жамбыл облысында жарылыс кезінде жоғалып кеткен өрт сөндірушінің сүйегі табылды

Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі табылды, деп хабарлайды Arda-Ақпарат.

Ведомствоның атап өтуінше, іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылғы 26 тамыздан бастап жүргізілген.

Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапқан.

Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсеткен. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келген.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленетін болады.

Сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты. Сонымен қатар марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі», — делінген ресми хабарламада.

Қарулы күштердің жеке құрамы орны толмас шығынға байланысты марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған