Жаңа жылға 4 күн қалды. Биылғы жыл біреуге табысты болса, біреуге үрейге толы болды. Елімізде бұл жыл қанды қаңтармен басталып, түрлі тергеп-тексерумен аяқталды. Белгілі бірқатар шенеуніктің қылмысы әшкере болды. Биыл істі болған шенеуніктерге шолу жасады. Айта кетейік, олардың арасында кінәсі дәлелденіп, сотталғаны да, әзірге тергеліп жатқаны да бар, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
6 қаңтарда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. Ал 8 қаңтарда Мәсімов ұсталғаны хабарланды.
«6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке сатқындық жасау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі бойынша соталды тергеуді бастады», — делінген сол кезде хабарламада.
Яғни, Мәсімовке «Мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша айып тағылды. Ал 7 қарашада Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарларының ісі сотқа жеткені хабарланды.
Әнуар Садықұлов
13 қаңтарда Мәсімовтің орынбасары Әнуар Садықұлов ұсталды. Ол дәл Мәсімовке тағылған айыптар бойынша күдікті деп танылды.
Ол бойынша да әлі тергеу жүріп жатыр. Садықұлов 2019 жылы қаңтарда ҰҚК төрағасының орынбасары болып тағайындалған. Одан бөлек ол «А» Арнаулы мақсаттағы қызметінің директоры қызметін атқарды. Қазір ол қамауда.
Қайрат Құдайберген
21 сәуірде Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты, Q3 Worldwide инвестициялық холдингінің негізін қалаушы және бас директоры, блогер Қайрат Құдайберген ұсталды. Шілдеде Құдайберген мандатынан айырылды.
Прокуратура Құдайберген Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікке ілінгенін растады.
Экс-депутат әлі де қамауда отыр, оған қатысты сот отырысы өткен жоқ.
Серік Күдебаев
Алматы облысы Полиция департаментін басқарған генерал-майор Серік Күдебаев 18 ақпанда қызметінен босатылғаны хабарланған. Ал мамырда ол «Ауыр зардатарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк» бабы бойынша күдікті деп танылды.
Алматы облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев сұхбаттарының бірінде Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезінде туған ауылына кетіп қалғанын айтқан.
Мұрат Бектанов
Қаңтар оқиғасы кезінде қорғаныс министрі қызметінде Мұрат Бектанов болды. Сол кездегі жұмысы үшін оны Мемлекет басшысы сынаған еді. Тоқаевтың айтуынша, Мұрат Бектанов Қазақстандағы тәртіпсіздіктер кезеңінде командир ретінде қабілетін көрсете алмаған.
Ал ақпанда Мұрат Бектанов ұсталды. Бас прокуратура сол кезде Мұрат Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы «Биліктің әрекетсіздігі» дерегі бойынша соталды тергеу бастады. 22 қазанда Бектановқа қатысты қылмыстық іс әскери сотқа жолданды.
Қайрат Боранбаев
Биыл наурызда бизнесмен, Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев қамауға алынды.
Бұған дейін қаржы мониторингі агенттігі квазимемлекеттік секторда аса ірі мөлшерде қаржы жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді бастаған болатын. Белгілі бизнесмен Қайрат Боранбаев қылмыс жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.
2022 жылғы 23 желтоқсанда Бас прокуратура істі соттың қарауына жіберді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы
Бұрынғы мәдениет министрі, Ұлттық музейдің басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы биыл мамырдан бері қамауда.
ҚР Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде 146 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру белгілері бойынша соталды тергеу жүріп жатыр.
Оны қамауға алу мерзімі тағы ұзартылды.
«2022 жылғы 20 желтоқсанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Мұхамедиұлы А.-ға қатысты қамауға алу түріндегі санкцияланған бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты», — деді Астана сотының баспасөз қызметі өкілдері.
Тимур Тоқтабаев
Биыл 7 қарашада лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев ұсталған.
Антикор мәліметінше, министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесіне сай әрекет етіп, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз берген. Бұрын жүргізілген барлау дерегі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған.
«Тергеу сот санкциясымен Тимур Тоқтабаевтың және оның жақын туыстарының (элиталық жеке үйлер, жер учаскелері, Cadillac Escalade маркалы автокөліктері, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, екі BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8) қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлкі анықталды және қамауға алынды», — делінген ведомство хабарламасында.
Марат Шайхутдинов
Марат Шайхутдинов мемлекеттік құпияны жария ету, тыңшылық және мемлекеттік опасыздық деректері бойынша қамауға алынған еді.
«2022 жылғы 21 қыркүйекте Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бұрынғы бірінші орынбасары Марат Шайхутдиновты ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оны мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан және 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды», — делінген хабарламада.
Нұрлан Мәсімов
Полиция департаментінің бұрынғы бастығы полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімовке, оның орынбасарлары ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасады деп айыпталды.
Мәсімов пен Сиразидимов мемлекеттік сатып алуды өткізу және үлестес компаниялармен келісімшарттарға қол қою кезінде қамқорлығы үшін 90,3 миллион теңге сомасында пара алды деп айыпталып жатыр.
Сондай-ақ, олар арттехқару-жарақ сатып алуға арналған 420 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын ұрлады деп айыпталып жатыр.
Биыл 22 желтоқсанда облыс прокуратурасы айыпталушыларды сотқа берді.
Бұдан басқа, Ақтөбедегі Темір аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы болған Жәнібек Айдашев пен оның екі сыбайласы Шұбарқұдық ауылдарындағы су құбырын жөндеуге бөлінген қаражатты талан-таражға салды деген айыппен сотталды.
Ал Кентаудың бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.