Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда карантин шараларын ықтимал күшейту туралы сұраққа жауап берді, — деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Үкімет отырысы кулуарында журналистер Денсаулық сақтау министрлігі басшысына қазақстандықтар карантин шараларды күшейтуден қорқуы керек пе және ведомство жаңажылдық кештер мен ұжымдық кештерге тыйым салуды жоспарлап отыр ма деген сауал қойды.
«Вирус инфекциялары мен коронавирус инфекциялары көбейіп барады. Әр апта сайын күніне 200-ден аса инфекция тіркелетінін салыстырып және көріп отырмыз. Біз адам жаппай жиналатын жерлерде бәріне маска тағуды ұсынамыз. Сондай-ақ, бүгінде барлық вирус инфекциясының, соның ішінде тұмаудың маусымдық өсуі байқалады. Қазір шектеу шараларының жоқтығын, халықтың бетперде тақпайтынын ескерсек, былтырғымен салыстырғанда өсім бар екені анық. Корпоративтік кештер мен ертеңгіліктерден бас тарту да жоспарда жоқ», — деп жауап берді министр Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, бүгінде елімізде тұмаудың А және В түрі тіркелген. Министрдің айтуынша, вирустық аурулардан бөлек, маусымдық бактериялық инфекциялар да көбейген.
«Былтырғымен салыстырғанда, тіпті пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, балалар инфекциясы – скарлатина ауруы көбейген. Себебі, екі жыл бойы адамдар ауырмады, ауырмаған, иммунитеті жоқ балалардың қабаты түзілді. Қазір орта ашық, әрине, балалар жұқтырады, балалар жұқпалы аурулары көбейіп кетті», — деп түсіндірді Ажар Ғиният.