Четверг, 28 ноября, 2024

Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир өтуде

Елорда жекпе-жек сарайында грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Турнирдің ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, Қазақстан әйелдер, грек-рим және еркін күрес федерациясының президенті, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов, Жақсылық Үшкемпіровтің өмірдегі ағасы Сәт Тоқпақбаев қатысып, сөз сөйледі.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев жарыс қатысушыларына сәттілік тілей отырып, алдағы уақытта да осындай турнирлер жиі өтетіндігін айтты.

«Баршаңызды Олимпиада жеңімпазы, Қазақстанның еңбек ері, Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған Халықаралық турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Даңқты спортшы жаһан жұртына елімізді танытып қана қоймай, талай қайырымды істерімен есте қалды. Жастарды Отан сүйгіштікке тәрбиелеп, туып өскен ауыл-аймағын көркейтуге атсалысты. Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жастардың спортқа бет бұруына көп ықпал етті. Түрлі халықаралық жарыстарды ұйымдастырып, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, олардың ірі додаларда топ жаруы үшін де аянбай еңбек етті. Біртуар азаматтың жүрген жолы, атқарған ісі көпке үлгі. Халқымыздың біртуар перзентінің есімін ұлықтап, еңбегін бағалау жолында бүгінгідей іс-шараның маңызы зор екендігін айтқым келеді. Алдағы уақытта да дүбірлі дода өз жалғасын табатын болады. Байрақты бәсекеге қатысушыларға сәттілік тілеймін», — деді Ерлан Бекмурзаев.

Сонымен қатар, ашылу салтанатында Жақсылық Үшкемпіровті бір минут үнсіздікпен еске алды.

Алдағы күндері еліміздің әр өңірінен келген балуандармен қатар Қырғызстан, Өзбекстан Тәжікстан, Әзербайжан және Израильдің үздік 164 спортшысы өзара 10 салмақта сынға түседі.

Алғашқы күнгі белдесуден кейін финалға шыққан балуандар: 55 кг: Арсен Жұма (Қазақстан) — Айбек Айтбеков (Қазақстан); 63 кг: Жанторо Мирзалиев (Қырғыз Республикасы) — Дамир Ибрашев (Қазақстан); 72 кг: Руслан Нуруллаев (Әзербайжан) — Нұрдәулет Тұрсын (Қазақстан); 82 кг: Ислам Евлоев (Қазақстан) — Исмаил Рзаев (Әзірбайжан); 97 кг: Нұртас Қыдырбаев (Қазақстан) — Бахрам Курбанов (Қырғыз Республикасы). Бүгін, осы салмақтағы барлық жүлдегер анықталады.

Астана төрінде 3-рет ұйымдастырылып отырған халықаралық турнир мамырдың 18 -не дейін жалғасады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған