«Amanat» партиясының орталық аппаратында «Жер аманаты» комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Жиын барысында атқарылған жұмыстың аралық қорытындысы шығарылып, алдағы міндеттер айқындалды. Іс-шараға Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының депутаттары, Бас прокуратура, Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығы, қоғам қайраткерлері, партияның өңірлік филиалдарының атқарушы хатшылары және тағы басқалар қатысты.
Отырысты ашқан партия Төрағасы Ерлан Қошанов жайылымдық жер мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында екенін атап өтті.
«Былтыр Президент игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып алу туралы Үкімет пен Бас прокуратураға арнайы тапсырма берді. Бұл жұмысқа партия жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы да белсенді атсалысып келеді. Мәселен, бүгінде еліміз бойынша 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның нақты 3 миллион гектары «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен іске асты», — деді Ерлан Қошанов.
Аз уақытта комиссияның «жедел желісіне» тұрғындардан 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Халықтан келіп кеткен өтініш-арыздың барлығы жергілікті әкімдіктермен және бейінді министрлікпен бірлесіп мұқият қаралды.
Сондай-ақ партия төрағасы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың негізгі міндеттерін атап өтті. Мәселен, өңірлік комиссиялар мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің халық арасында әділ бөлінуіне қатаң бақылау жасауы қажет. Сондай-ақ жерді заңсыз бөлген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту және болашақта осындай фактілерге жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдау керек.
«Жер аманаты» комиссиясының мүшелері әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсететін интерактивті карта әзірлеуді ұсынды.