Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Заң жобасының мақсаты — жер қатынастары саласында азаматтарға қызмет көрсету кезінде және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормаларын салалық заңнамаға сәйкес келтіру кезінде жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігін күшейту.
«Заң жобасымен жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау бөлігінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің салалық заңнамалық актілеріне сәйкес келтіру керек. Осы орайда тиісті түзетулер енгізу ұсынылып отыр. Сонымен қатар, жер қатынастары саласындағы қызметтерді сапасыз немесе уақтылы көрсетпегені үшін жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жауапкершілігі белгіленеді. Аталған заң жобасын іске асыру жергілікті атқарушы органдар көрсететін қызметтердің сапасын арттырып, халықтың жалпы мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттырады», — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Оның айтуынша, осы құжат аясында Үкімет екі қорытындыны әзірлеп, біреуі ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.
«Парламент депутаттарының түзетулері бойынша Үкіметтің екінші қорытындысы ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде келісуден өтіп жатыр. Тұтастай алғанда, заң жобасы қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес келеді, сондай-ақ теріс әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді», — деді министр