Четверг, 28 ноября, 2024

Жетісу облысында 40-қа жуық отбасы апатты үйде тұрып жатыр

Жетісу облысындағы Сарыөзекте апатты деп танылған екі қабатты 5 үйде 40-қа жуық отбасы тұрып жатыр, деп хабарлайды Arda-ақпарат.

Тұрғындар бір күнде үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады. Бірақ әкімдік оларды қауіпсіз үйге көшіруге асықпайды. Себебі, оларды қазір қоныстандыра қоятын үй жоқ.

«Биыл біздің үйді апатты деп таныды. Алайда, әлі осы жерде тұрып жатырмыз. Билік бізге бір жағдай болғанын күтіп отыр ма, түсініксіз. Бізде сондай сәттен кейін ғана қозғала бастайды ғой», — деді апатты деп танылған үйдің тұрғыны Шәйгүл Малаева.

Шәйгүл Малаева әкімдіктің құрғақ уәдесінен шаршағанын айтады. Ол қабырғалары жарылып, жауын жауса жан-жағынан су сорғалайтын үйдің тесігін бітеп шаршадым дейді. Тұрғындар сыз тартқан үйде балалары да ауырып, сабақтан жиі қалатынына қиналады.

Ал Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов үйлердің апатты деп танылғанын растады, бірақ дәл қазір тұрғындарды өзге үйге көшіре алмайтынын жеткізді. Себебі, Сарыөзекте дайын тұрған пәтер жоқ.

«Келер жылы Сарыөзекте 60 пәтерлі үй салынады деп жоспарлануда. Ол баспаналар әлеуметтік осал топтарға беріледі. Бірақ біз Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың атына осы апатты деген үйлердің тұрғындарына жаңа баспана беру мәселесін ұсынайық деп отырмыз»,- деді Қанат Есболатов.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған