Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері «Q-net», «Amanat drive» және «Elous» компанияларына қатысты тексеру жүргізіп, аса үлкен көлемдегі қаржы алаяқтығын анықтады, деп хабарлайды Kazinform.
Тексеру нәтижесінде бір ғана Q-net қаржы пирамидасы жетісулықтардың 220 миллион теңге қаражатын алдап алып, сан соқтырғаны белгілі болды.
Қазір департамент мамандары жасанды интелект құралдарының көмегімен интернет желісіндегі заңсыз қаржы айналымы мен күмәнді аударымдарға қатысты ақпараттарды іздейді. Нәтижесінде қаржы пирамидасының белгілері анықталған сайттар киберқадағалау жүйесі арқылы бұғаттау үшін уәкілетті органға жіберіледі.
Мысалы, жақында Талдықорған қаласында күмәнді инвестициялық жобаларға тартылған қаржы туралы деректер анықталып, кезекті пирамиданың жолы кесілген.
«ІТ-құралдарын пайдалана отырып жүргізілген талдау нәтижесінде Талдықорған қаласы бойынша «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы жұмыс істеген қаржы пирамидаларының қызметі әшкереленді. Бұл аккаунт иелері қаржы пирамидасын жарнамалап, азаматтарды инвестициялық жобаларға тартумен айналысқан. Біз дереу веб-сайтты бұғаттадық. Егер шаралар қабылданбаса, оның салдары азаматтарға үлкен зиян келтіріп, әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтыратыны анық еді», — дейді Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Ербол Құрманбаев.
ARDA-Aqparat