Текелі қаласында лагерьлердің бірінде «шизофрения» диагнозымен есепте тұрған медицина қызметкері жұмыс істеген, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Жетісу облысының прокуратурасы 9 балалар лагерінің қызметіне тексеру жүргізіп, мекемелердің жағдайы заң талаптарына сәйкес келмейтінін анықтады.
«Қарлығаш» лагерінде (Көксу ауданы) санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға қайшы, балаларға арналған азық-түлік ветеринариялық-санитарлық сараптама және қауіпсіздік сертификаттарынсыз сатып алынған. Балаларға арналған күнделікті тамақтану нормалары сақталмаған. Ас мәзірінде балғын көкөністерден жасалған тағамдар қарастырылмаған”, – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше Текелі қаласындағы лагерьлердің бірінде «Параноидты шизофрения» диагнозымен есепте тұрған медицина қызметкері жұмыс істегені анықталды.
Бұған қоса тексеріс кезінде лагерьлердің барлығында өрт қауіпсіздігі нормалары сақталмайтыны анықталды. Алғашқы өрт сөндіру құралдары өрт сөндіргіштер мен гидранттары жоқ, өрт кезінде эвакуациялық жолдардың кедергісіз шығуы қамтамасыз етілмеген.
Сонымен қатар кейбір лагерьлерде мерзімі өткен дәрі-дәрмек сақталған.
«Балалардың лагерьлерде тұруы мен бос уақытын өткізу жағдайы да техникалық нормалар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Негізгі (ғимараттар, үйлер) және қосалқы (асүй, жуынатын бөлмелер) лагерь ғимараттары тозған, күрделі жөндеуді қажет етеді», – деп мәлімдеді прокуратура.
Тексеру іс-шаралары жалғасып жатыр. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қабылданады.