Понедельник, 25 ноября, 2024

Жол картасын мақұлдадық, енді осымен барлық мәселелер шешілді деп ойлайсыз ба?

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов баяндағандай, өткен 9 айда өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға 1 трлн және 27 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға төмен. Жыл соңына дейін жоспарлы көрсеткіш 2,1 трлн теңгені құрайды.
Сала бойынша алып қарағанда, жеңіл өнеркәсіпте инвестиция тарту 2,5 есеге өсіп, 11,3 млрд теңгеге жетті. Сондай-ақ жиһаз өндірісінде – 4,5 есе, яғни 14 млрд теңгеге дейін, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде – 1,6 есе, 81,4 млрд теңгеге дейін өсім тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша қағаз өнімдерін, сусындар мен тамақ өнімдерін шығаратын компаниялар арасында оң динамика байқалады.
Биыл инвестиция көлемі 1 трлн теңгені құрайтын 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішіндегі ең ірілері – тұрмыстық техника және арнайы кокс өндіретін кәсіпорындар, сондай-ақ шламдарды қайта өңдейтін кен байыту фабрикасы. Бүгінгі таңда жалпы құны 200 млрд теңгені құрайтын 65 жоба іске қосылды.
Сонымен қатар өңірлер 2027 жылға дейін іске қосылуы жоспарланған бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды кейінгі жылдарға шегерді. Бұл инвесторлар қаржысының жетіспеуіне, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеу, жабдықтардың жеткізілмеуі немесе кешіктіріп жеткізілуіне, сондай-ақ жер мәселелеріне байланысты болып отыр.
Премьер-Министр өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аталған бағытта үйлестіру жұмыстарын белсенді жүргізуі тиіс екенін айтты.
«Тек қана Жол картасын бекіту арқылы барлық мәселені шешу мүмкін емес. Бұл жерде жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, жер-жерде қандай мәселелер шешілмей жатқанын қадағалап, өздеріңіздің тараптарыңыздан әкімдерге көмек көрсету қажет. Сіз Жол картасын мақұлдадық, енді осымен барлық мәселелер шешілді деп ойлайсыз ба? Бұл – бар болғаны бюрократия! Инвестициялық жобалар жүзеге асып, оның нәтижесін көрмейінше, мәселе шешілді деп айтуға болмайды», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Ақтөбе облысында өңдеу саласына тартылған инвестициялардың төмендеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ өңірде 5 жоба бойынша іске асыру мерзімі кейінге шегеріліп отыр.
«Мысал ретінде айтсақ, облыста керамикалық плиткаларды өндіру жобасын іске асыру тоқтатылды. Әкімдік жер учаскесін бөлу рәсімін жарты жылдан астам уақытқа созып жіберді. Нәтижесінде инвестор жобаны басқа аймаққа көшіру мәселесін қарастыруда», — деді Әлихан Смайылов.
Ол сондай-ақ 1 мың жұмыс орнын құру көзделіп отырған алтын кендерін өңдейтін кен-байыту фабрикасының құрылысы 2026 жылға кейінге қалдырылғанын айтты. Бұған электр қуаты мен газға қосылуға техникалық шарттар мен келісімдер мерзімінің жарты жылға созылып кетуі себеп болған.
Аталған мәселелер бойынша өңір әкімі Асхат Шахаров, «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов және «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ басқарма төрағасы Бауыржан Асқаров түсініктеме берді.
«Бұл жобалар, ең алдымен, өңір экономикасы үшін өте маңызды. Сондықтан, облыс әкімдігі аталған компаниялармен бірлесіп, барлық туындаған мәселелерді тез арада шешуі қажет», — деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр Ақмола облысында да 9 айда инвестиция көлемі төмендеп кеткенін атап өтті. Сондай-ақ 6 инвестициялық жобаны іске асыру мерзімдері бұзылып отыр. Мәселен, кірпіш зауытын салу жобасы 2021 жылдан бері созылып келеді. Әкімдік инвесторға балшық өндіруге лицензия бермеген.
Сонымен қатар Маңғыстау облысында да 10 жобаны іске асыру мерзімі кейінге шегерілді.
«Өңірде аммиак және карбамид өндіру бойынша перспективалы жоба бар, бірақ оған қажетті инфрақұрылым тартылмаған. Сондай-ақ негізгі шикізат болып отырған табиғи газды жеткізу мәселесі шешілмеген», — деді Әлихан Смайылов.
Аталған ақпаратқа қатысты Ақмола облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов пен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев ақпарат берді.
Премьер-Министр өңірлерге инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерінде неғұрлым белсенді ұстаным көрсету қажет екенін атап өтті, өйткені олардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары пайда болып, жалпы экономикалық көрсеткіштер жақсарады.
«Қандай да бір қиындықтар туындаса, әкімдіктер жобаларды іске асыру мерзімдерін кейінге қалдыруды немесе олардан мүлдем бас тартуды үйреншікті дағдыға айналдырып алды. Тиісінше проблемалық мәселелер болған жағдайда жедел әрі нақты шешу қажет», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, инвестиция көлемі өсіп, нәтижелі жобалардың тиімділігін көріп жатқан өңірлер де бар. Бұлар — Түркістан, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстары және Астана қаласы.
«Барлық құралдар мен механизмдер қарастырылған. Әкімдер оларды жергілікті жерлерде дұрыс және белсенді түрде іске асыруы керек», — деп атап өтті Премьер-Министр.

ARDA-Aqparat

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған