Жаңа жылдың келуіне санаулы сағаттар қалды. Бұл мерекені біреулер асыға күтіп тойласа, басқалар үшін ол әдеттігі күндердің бірі ғана болып есептеледі. Ендеше алда келе жатқан 2023 жылды жұлдыздар қалай қарсы алмақ? Барша қазақстандықтарға қандай айтар тілегі бар? Қойылған сауалдарға отандық танымал тұлғалар жауап беріп, халыққа деген жылы лебізін білдірді, — деп жазады ARDA-AKPARAT.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Майра Ілиясова 2023 жылды отбасыммен бірге қарсы аламын дейді.
«Жаңа жыл – отбасылық мереке. Әр жыл сайын жанұямызбен бірге отырып қарсы аламыз. Осы жолы да әдеттегідей Жаңа жылды Астана қаласындағы үйімізде тойлатамыз деп жоспарлап отырмыз. Мереке сайын немерелерімді қуантып, сыйлық жасап тұрамын», – деді әнші.
Оған қоса Майра Ілиясова мереке қарсаңында барша қазақстандықтарға құттықтау сөзін арнады.
«Қымбатты қазақ елі, келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! Берекелі жыл болып, алға қойған мақсаттарымыз орындалсын
Ал танымал әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов болса, Жаңа жылдан гөрі қазақтың төл мерекесі Наурызға көңіл бөлуіміз керек деген пікірімен бөлісті.
«Жаңа жыл кезінде Аяз ата, Ақшақарды шақыртып, тәттілерді таратып балалардың көңілін көтеріп тойлатамыз. Ал неге дәл осылай Наурыз мерекесіне де көңіл бөлмейміз? Әрқашанда ұлттық идеологияны бекітіп тұру үшін Наурыз мерекесіне көбірек назар аударымыз қажет. Сол кезде Наурыздың төл мерекеміз, ал Жаңа жылдың қосалқы мереке екенін ұғынатын боламыз», – деді продюсер.
Сондай-ақ Қыдырәлі Болманов халыққа арнаған ізгі тілегін де айтты.
«Әр мерекеден жақсылық күтейік. Алла Тағала елімізді, жерімізді аман-есен сақтап, тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп, тамырын тереңдетсін. Барша қазақстандықты тәуелсіздік үшін жұмыс істеп, Отанын сүюге, отбасын құрметтеп, ардақтауды жазсын. Берекелі, мерекелі елге айналуымызды нәсіп етсін деп тілеймін», – деді ол.
Танымал эстрада әншісі, композитор Маржан Арапбаева Жаңа жыл ерекше жақсы көретін мерекелерімнің бірі дейді. Әнші мереке қарсаңында әндерін айтып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын болады.
«Жаңа жыл мерекесі маған өте ыстық. Кеңес одағында дүниеге келгендіктен, оны бұрыннан бері тойлаймыз. Мен түгілі балалардың өзі асыға күтетін күн ғой. Жаңа жыл өзгерістерді күтетін сиқырға толы мереке деп ойлаймын. Осы жылы Астана қаласында 31 желтоқсанда өтетін мерекелік кеште өнер көрсетемін. Ал түнгі сағат 0:00-де отбасыммен бірге боламын», – деді композитор.
Сонымен қатар эстрада әншісі елімізді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
«Барша қазақстандықтарды, жерлестерімді Жаңа жылмен құттықтаймын! Құдайға шүкір керемет мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Әрі қарай да еліміздің ынтымағы жараса берсін. Ең бастысы ешқандай соғыссыз, тату өмір сүріп, бақытты күндерді бірге кеше берейік. Еліміздің болашағы зор болсын!» – деді ол.
Әнші Досанәлі Дауылбаев болса, 2023 жылды астаналықтармен бірге қарсы алатын болады.
«Біз де Жаңа жылды қазақстандықтар сияқты асыға күтеміз. Бұл өте ерекше мереке ғой. 31 желтоқсан күні Астана қаласындағы 5-6 концерттік алаңда өнер көрсетемін. Осылайша Жаңа жылды халықпен бірге қарсы алу жоспарда бар», – деді әнші Дос.
Досанәлі Дауылбаев Жаңа жылға орай ізгі ниетімен бөлісе кетті.
«Жаңа жылда еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Біз бақыттымыз деп ойлаймын. Себебі бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Әр шаңыраққа жақсылық тілеймін. Жаңа жылда жаңа белестерге жете беріңіздер», – деп айтты ол.
Қазақстанның халық әртісі, опера әнші Нұржамал Үсенбаева әр Жаңа жылды отбасымен бірге қарсы алатынын айтып жеткізді.
«Жаңа жылды отбасымызбен бірге жиналып, бір дастархан басында қарсы аламыз. Мереке күні түрлі тағамды әзірлейміз. Бірақ біз үшін еттің орны бөлек. Басты ас ретінде ет асамыз», – деді ол.
Нұржамал Үсенбаева барша қазақстандықтарға жылы лебізін білдірді.
«Жаңа жыл жаңа бақыт, табыс, тек қуаныш әкелсін. Әр отбасына жақсылық тілеймін. Қазақстанымыз дамып, гүлдене берсін», – деді опера әншісі.