Четверг, 28 ноября, 2024

Жыл басынан бері адам саудасына байланысты 110 адам сотталды

Жыл басынан бері адам саудасына байланысты 110 адам сотталған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Адам саудасына қарсы күрес және қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау басқармасының бастығы Самат Құсетов айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Сотталғандардың бесеуі еңбек құлдығына жеккені үшін, 14-і жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу дерегі бойынша жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 7 кәмелетке толмаған азамат бар.

Адам саудасына қатысы болғаны үшін 24 азамат сотталған. Оның он төрті – кәмелетке толмағандар. Жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін 14 азамат жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 16 кәмелетке толмаған азамат бар. 67 іс жеңгетайлықпен айналысқандарға қатысты.

Аталған фактілер шаруа қожалықтары, жайылымдар, қыстақтар, сауналар, қонақүйлер, кешендер мен басқа да объектілерді тексеру кезінде анықталды.

«Статистикалық деректерге сәйкес, жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден астам дерек тіркеледі. 2020-да – 111, 2021 жылы – 103, былтыр 77 қылмыстық іс тіркелді», — дейді мамандар.

Сондай-ақ 5 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. 2020 жылы – 1, 2021 жылы – 3, былтыр 5 осындай қылмыс тіркелген.

Оларды Бахрейн Корольдігі, Оңтүстік Корея елдерінен алып кетпек болған.

«Министрлік құзыреті шегінде адам саудасына қарсы іс-қимыл жөнінде елеулі шаралар қабылдауда. Жүйелі негізде профилактикалық және практикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, адам саудасы әртүрлі нысандарда көрінеді: жыныстық қанау; мәжбүрлі еңбек, бала асырап алу мақсатында жаңа туған балалардың саудасы, қайыр сұрауға мәжбүрлеу, адам ағзаларын алу. Көбінесе қылмыстар ұйымдасқан сипатта болады. Мысалы, жыл басынан бері 110 қылмыс тіркелді, оның ішінде 5 заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін; 14-і жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін жауапқа тартылды, оның ішінде жетеуі кәмелетке толмаған болып шықты; адам саудасы үшін – 24, оның ішінде 16 кәмелетке толмаған бар, ал 67-сі жеңгетайлық үшін жауапқа тартылды», — деді ол.

Спикердің айтуынша, жыл сайын 100-ден астам қылмыс тіркеледі. Заңға қайшы әрекеттердің, оның ішінде 5 ұйымдасқан топтың әрекеті тоқтатылды.

Сондай-ақ ол бүгінгі таңда Заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында екенін атап өтті. Бұдан бөлек, ІІМ еліміздің барлық мемлекеттік және қоғамдық институттары, сондай-ақ халықаралық сарапшылар тартылған қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзірлеуде. Бұл жоба мемлекеттік билік органдарының, полиция мен жауапты қоғамдастықтың өзара іс-қимылы мен белсенді қатысуына негізделген құқықбұзушылықтардың алдын алудың кешенді жүйесін құрудың іргетасына айналады.

Тұжырымдаманың негізгі бағыттары құқықтық мемлекеттің негізі ретінде қауіпсіз қоғам құру үшін жағдайлар жасау, азаматтардың өмірін, денсаулығын, мүлкі мен құқықтарын қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қолданыстағы тетігін ғылыми деректер мен әріптестікке, оның ішінде адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша негізделген қазіргі заманғы превенция жүйесіне айналдыру болып айқындалған. Сонымен қатар тұжырымдамада полиция жұмысын трансформациялау, бюрократиялықтан қоғам сұраныстарына бағдарланған адам орталықтандырылған, клиентке бағдарланған модельге көшу жөніндегі шаралар бекітілген.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған