Суббота, 27 апреля, 2024

Олжас Бектенов: Ауылдарға бөлінген қаржы тиімді игерілуі тиіс

Елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуда кешенді тәсіл қолдану керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Өңір әкімдіктерімен бірге ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуда кешенді тәсілді қолдану керек. Өңірлік стандарттар жүйесін негізгі бағдарламалық құжаттармен өзара үйлестіруді қамтамасыз ету қажет. Бұл орайда, жобалардың басымдығын және ауыл тұрғындарының барлығына бірдей игіліктер мен қызметтердің қолжетімді болуын назарда ұстау керек. Әйтпесе, кейбір ауылдарда 2 медпункт бар, ал кей жерлерде бірде-біреуі жоспарланбаған. Басқа объектілерге қатысты жағдай да осындай. Мұндай кемшіліктерге жол беруге болмайды», — деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, қолданыстағы бюджет заңнамасын жетілдіру аясында ауылдағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мәселелерін шешудің тиімділігін арттыру үшін ауылдық округтер әкімдіктерінің кіріс базасын кеңейту мәселесін пысықтауы қажеттігін баса айтты.

«Ауылда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша әкімдіктердің жұмысын бағалау үшін нақты индикаторларды айқындау керек. Облыс әкімдіктері Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларына бөлінетін бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз етуге тиіс», — деді Премьер-Министр.

ARDA-Aqparat

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған